Не болды?
Қазақ қызы Әсел Робертс (Төленова) АҚШ-тың Словениядағы елшісі болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Mladina басылымының хабарлауынша, қазақ қызы Әсел Робертс (Төленова) АҚШ-тың Словениядағы елшісі болды. Ақпан айында АҚШ президенті Доналд Трамп Әсел Робертсті дипломат лауазымына ұсынған еді. Наурызда қазақ қызының үміткерлігін 46 сенатор қолдап, 43-і қарсы дауыс берген. Әсел Робертс Словенияның Орталық Еуропа мен Батыс Балқан арасында орналасуы трансатлантика аймағындағы қауіпсіздікті нығайтып, сауданы арттыруға ықпал ететінін айтты.
Әселді жаңа қызметімен Қазақстанның Уашиңтондағы елшілігі құттықтады.
Асел Робертс ханымды АҚШ-тың Словениядағы елшісі лауазымына бекітілуімен шын жүректен құттықтаймыз. Ол — АҚШ тарихында елші дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ қызы. Жаңа қызметіне толағай табыс тілейміз. Іске сәт! — делінген хабарламада.
20 жыл АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде қызмет еткен
Әсел Робертс — АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде, оның ішінде хаттама бөлімінде 20 жылдан астам еңбек еткен білікті дипломат. 1976 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Кеңес үкіметі құлдырағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударған. Georgetown университетінің Эдмунд Уолш атындағы дипломатия қызметі мектебінде халықаралық құқық және халықаралық ұйымдар мамандығы бойынша білім алған. Әсел қазақ, орыс және жапон тілінде сөйлей алады. Ол 2021-2022 жыл аралығында АҚШ-тағы хаттама қызметі басшысы болған. Қазір бұл жұмысын жалғастырып жатыр.
