Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Парламент президент пен вице-президенттің мәртебесін айқындайтын заң қабылдады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының президенті туралы» конституциялық заң екінші оқылымда қабылданды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Заң жобасы бойынша баяндама жасаған мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, құжат 2026 жылғы республикалық референдумда қабылданған конституцияға сәйкес әзірленген.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы Қазақстан Республикасының президенті мен вице-президентінің құқықтық мәртебесін айқындайды. Құжат сегіз тарау мен 43 баптан тұрады.

Конституциялық заң жобасы қолданыстағы құқықтық реттеудің негізгі қағидаттарының сабақтастығын сақтай отырып әзірленді. Сонымен қатар жаңа конституция ережелеріне бейімделіп, мемлекеттік биліктің жаңа институттарына қатысты нормалар енгізілді, — деді Үнзила Шапақ.

Депутаттың мәліметінше, заң жобасын қарау барысында парламент депутаттарынан ешқандай түзету немесе ескерту түспеген. Осыған байланысты құжат бастапқы редакцияда ұсынылған.

Бірлескен комиссия қарауына депутаттар тарапынан ұсыныстар түскен жоқ. Сондықтан заң жобасын екінші оқылымда қабылдау ұсынылды, — деді ол.

Нәтижесінде қос палата депутаттары «Қазақстан Республикасының президенті туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда бірауыздан қабылдады.