Парламент палаталарының бірлескен отырысында «ҚР президенті туралы» жаңа конституциялық заң жобасы таныстырылды. Құжатты депутаттарға Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев таныстырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрдің айтуынша, заң жобасы сегіз тарау мен 43 баптан тұрады және президент институтына қатысты құқықтық нормаларды жүйелеуге бағытталған. Құжатта мемлекет басшысының мәртебесі, қызметке кірісу тәртібі, өкілеттік мерзімі мен шектеулері нақты көрсетілген.
Сонымен қатар 2022 жылғы конституциялық реформалар аясында енгізілген негізгі қағидаттар өзгеріссіз сақталған. Атап айтқанда, президенттің бір рет қана жеті жылға сайлануы, оның жақын туыстарына қойылатын шектеулер және саяси партиядан тыс болуы қарастырылған.
Заң жобасында алғаш рет президенттің Қазақстан халық кеңесіне қатысты өкілеттері жеке баппен бекітіледі. Оған кеңес құрамын бекіту және оның ұйымдастырушылық құрылымын қалыптастыру мәселелері кіреді.
Сонымен қатар адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты президент өкілеттері де нақты айқындалады. Мемлекет басшысы омбудсменді тағайындап, оның жыл сайынғы баяндамасын тыңдайды.
Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі — Қазақстанда вице-президент институтын енгізу. Министрдің сөзінше, бұл жоғары билік органдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.
Вице-президентті президент құрылтай келісімімен тағайындайды. Оның негізгі міндеті — мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде президент атынан өкілдік ету.
Сонымен бірге заң жобасында президент актілері, экс-президенттердің мәртебесі және мемлекеттік билік тармақтарының өзара іс-қимыл тетіктері де нақтыланған.
Әділет министрінің айтуынша, құжат «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» қағидатын институционалдық тұрғыда нығайтуға бағытталған.
