Ақтөбе облысында шетелдік студенттерді қорқытып, ақша бопсалаған ер адам ұсталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Облыстық ПД мәліметінше, жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 28 жастағы жергілікті тұрғынды анықтап, арнайы жасақ сарбаздарының көмегімен ақша беру сәтінде қолға түсірген.
Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 10 күн бұрын күдікті шетелдік студенттермен танысып, кейін олармен бірге қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде уақыт өткізген. Кейін есепшотты төлеу кезінде ақша жетпеген сәтті пайдаланып, ер адам студенттердің бірін қорқытып, ұялы телефонын ломбардқа тапсыруға мәжбүрлеген.
Бірнеше күннен кейін күдікті бопсалау арқылы шетелдік азаматтың тағы 50 мың теңгесін иемденген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — делінген ПД хабарламасында.
