Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

OpenAI-мен дауласқан Илон Маск сотта жеңіліп қалды

Фото: Depositphotos.com

Не болды?

Илон Маск пен OpenAI арасындағы даулы сот ісі ЖИ компаниясының пайдасына шешілді. АҚШ-тың Окленд қаласының федералды соты миллиардердің арызын қанағаттандырмай, компанияны кінәсіз деп шығарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Reuters агенттігінің мәліметінше, Илон Маск арызында OpenAI бастапқы миссиясынан ауытқыды делінген. Кәсіпкердің айтуынша, компания құрылғанда адамзат игілігі үшін қауіпсіз қызмет етуді мақсат еткен. OpenAI басшылары Сәм Алтман мен Грег Брокман жобасын коммерциялық емес деп таныстырып, Илон Маскты 38 миллион доллар инвестициялауға көндірген. Кейін компания бизнес құрылымға айналып, Microsoft пен басқа инвесторлардан ондаған миллиард доллар тартқан.

Маск мұны жекеменшік табыс көзіне айналған жоба деп отыр. Кәсіпкер соттан кейін де күресті тоқтатпайтынын айтып, апелляция беретінін мәлімдеді.

Алтман мен Брокман қайырымдылық ұйымын өз пайдасына айналдырды, — деп жазды Илон Маск X әлеуметтік желісіндегі жазбасында.

OpenAI не дейді?

OpenAI өкілдері Масктың бұл өзгеріс туралы бұрыннан хабардар болғанын алға тартты. Компания адвокаттарының айтуынша, миллиардер OpenAI-дің даму бағытын бірнеше жыл бұрын білген, бірақ сотқа тек 2024 жылы жүгінген.

Судья: Шағым кеш берілген

Судьяның айтуынша, Маск шағымды тым кеш берген. OpenAI үшін соттағы жеңісі маңызды болмақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл компанияның IPO-ға шығу мүмкіндігін арттырды. OpenAI нарыққа шықса, компания құны 1 триллион долларға жетуі мүмкін.

IPO (Initial Public Offering) – компанияның алғаш рет өз акцияcын қор нарығына шығарып, оларды инвесторларға ашық түрде ұсыну процесі.

Контекст

Естеріңізге салайық, OpenAI 2015 жылы Илон Маск, Сәм Алтман және басқа да кәсіпкердің бастамасымен құрылған. Маск 2018 жылы компанияның директорлар кеңесінен кетіп, xAI деген жасанды интеллект стартабын іске қосты. Биыл кәсіпкер SpaceX пен xAI-ды біріктірді.