Не болды?
Қазақстанда такси бағасы бір жылда 16% өсті. Кей өңірде баға бұдан да қымбат. Бұл туралы Baribar.kz порталы хабарлап отыр.
Такси қымбаттағанымен, сұраныс та артып жатыр
Finprom ақпаратының қарағанда, такси қымбаттап жатқанына қарамастан, такси қызметіне сұраныс артып жатыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында 74,5 млн жолаушы таксимен қатынаған. Бұл былтырмен салыстырғанда, шамамен 70% көп.
Такси шақыратындар қаладағы автомобиль мен электротранспортпен жүретін жолаушының жалпы үлесінің 11,5%-ына жеткен.
Бағаның өсуіне не себеп?
Мамандар бұған бірнеше фактордың әсері бар деп отыр.
- біріншіден, жанар-жағармай бағасының шамамен 15,8% қымбаттағаны;
- екіншіден, көлік жөндеу, қосалқы бөлшек шығыны мен жүргізушілердің табысы да өсіп, қызмет құны артуына себеп болған;
- Үшіншіден, нарықтың бұл саласында бәсеке аз. Өйткені елімізде такси қызметін ұсынатын компания аз.
Баға әр өңірде әртүрлі шамада қымбаттаған. Мысалы, Ақмола облысында бір жыл ішінде жолақы құны 45,3% артса, Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш — бар болғаны, 2,2%.

Такси нарығындағы табыс пен легализацияның қымбатшылыққа әсері
Қызмет құны мен жолаушы артуы бұл саладағы сервистік компаниялардың табысын арттырып отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, 2026 жылдың қаңтар-сәуір айында такси қызметінен түскен кіріс 84,2 млрд теңгеге жетіп, былтырғы кірістен 1,8 есе артқан.
Ескере кету керек, «табыс» деп жолаушылар тасымалынан түскен жалпы түсімді айтады. Демек, бұл тұтынушыдан түскен барлық қаражат, одан көлікке қызмет көрсету шығыны, жанар-жағармай, жүргізушінің жалақысы, салық және басқа қаржы әлі шегерілмеген.
Платформалық жоба – такси қызметінен түскен табысты арттырды
2025 жылдан бастап елде платформалық жұмыспен қамту жобасы іске қосылып, такси қызметімен айналысатын жеке кәсіпкерлерді тіркеу міндеттелді. Бұл өзгеріс такси қызметінен түсетін кірісті күрт арттырды. Былтырдан бастап кіріс есебіне жеке кәсіпкер ретінде істейтін жүргізушінің табысы да ене бастады. Нәтижесінде бір жылда ресми табыс, шамамен 20 есе өсіп, 9,6 млрд теңгеден 186,1 млрд теңгеге жетті.
Контекст
Естеріңізге салайық, мемлекет такси қызметін бақылауды күшейтті. Жаңа талап бойынша, такси жүргізушісі сапарға шығар алдында көліктің маркасы, мемлекеттік нөмірі және шығарылған жылы туралы ақпаратты тиісті атқарушы органға алдын ала жіберуі қажет.
