Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Ауыл аманаты» ауылды дамытуға серпін беріп жатыр: Қаратөбе ауданында сүт өндірісінің ауқымы кеңейіп келеді

Фото: БҚО әкімдігі
Ауыл кәсіпкерлігін қолдауға AMANAT партиясының «Ауыл аманаты» жобасы айрықша ықпал етіп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Жусандыой ауылында бүгінде сүт бағытындағы ауыл шаруашылық кооперативі қарқынды дамып келеді.

БҚО әкімдігінің мәліметінше, жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында кооператив мүшелері қажет техникаларды сатып алып, ортақ шаруашылық жүргізу үшін күш біріктірген. Бұл қадам өндіріс көлемін арттырумен қатар, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Кооператив мүшесі Берік Бақытжановтың айтуынша, жобаға қатысу отбасылық кәсіпті дамытудағы маңызды қадам болған. Оның сөзіне қарағанда, заманауи техника күнделікті жұмысты жеңілдетіп, шаруашылықты тиімді жүргізуге жол ашқан.

Бұл – атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. «Ауыл аманаты» жобасының арқасында қажет техникаларды лизингке алдық. Қазір сол техникалардың көмегімен шаруашылықты жүйелі жүргізіп, кәсібіміздің ауқымын кеңейтіп келеміз. Ауыл жастары да осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз ісін ашса дейміз. Қыс мезгілінде техникамен ауыл тұрғындарына да көмектесеміз, – дейді кәсіпкер.

Кооперативтің басты артықшылықтарының бірі – бірнеше шаруашылықтың ресурстарын біріктіруі. Бұрын ауыл тұрғындары жеке жұмыс істеп, көп шығынға ұшыраса, бүгінде техникалар ортақ пайдаланылып, шығын көлемі азайған. Мұндай тәсіл сүт өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, оның сапасына да оң әсерін тигізіп жатыр.

Бүгінде мұнда бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаз мезгілінде қосымша жұмысшылар тарту жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай бастамалар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, халықтың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне жағдай жасап жатыр.

Қаратөбе аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Абат Зейнуллиннің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде ауданның ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр.

Қаратөбе ауданында «Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал шаруашылығы белсенді дамып келеді. Шалғай ауылдардағы шаруалар заманауи техника алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алып жатыр. Партиялық жоба аясындағы қолдау ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін аса маңызды, – деді Абат Зейнуллин.