Қазақстанда кейінгі 10 жылда некеге тұратындар саны айтарлықтай азайған. 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін төмендеген. Осылайша, 10 жыл ішінде некелесу деңгейі шамамен 22% азайған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, некелесу коэффициенті де төмендеген. Егер 2015 жылы әр 1000 адамға шаққанда 8,48 неке тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 5,69 болған.
Қызылорда мен БҚО некелесу жағынан көш соңында
Статистика бойынша, некеге тұру көрсеткіші ең жоғары өңір — Астана. Мамандар мұны елордада жастар мен еңбекке қабілетті тұрғындардың көп шоғырлануымен байланыстырады. Ал Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында некелесу деңгейі төмен болып отыр.
Экономикалық себеп бар ма?
Қазақстанда некеге тұру жасы да ұлғайған. Кейінгі 10 жылда алғашқы некеге тұрудың орташа жасы ерлер арасында 27-ден, әйелдер арасында 25 жастан асқан.
Сарапшылар бұл өзгерістерді демографиялық толқынмен де байланыстырады. Өйткені қазіргі неке жасындағы азаматтардың басым бөлігі 1990 жылдардың соңында дүниеге келген. Ол кезеңде елдегі туу көрсеткіші айтарлықтай төмен болған.
Айта кетейік, жыл сайын 15 мамырда әлем жұртшылығы Халықаралық отбасы күнін атап өтеді. Бұл атаулы күн 1993 жылы БҰҰ бас ассамблеясының шешімімен бекітіліп, отбасы институтының қоғамдағы маңызын арттыруға бағытталған маңызды мерекелердің біріне айналды.
