Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Хантавирус: АҚШ 18 жолаушыны медициналық бақылауға алды

Фото: © Associated Press
АҚШ билігі хантавирус тіркелген круиз кемесіндегі 18 жолаушыны эвакуациялап, медициналық бақылауға алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

АҚШ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрлігінің мәліметінше, жолаушылар ел аумағына жеткізіліп, карантинге орналастырылған.

Reuters агенттігінің мәліметінше, 16 адам Небраска университетінің медициналық орталығы ауруханасына жатқызылған. Қалған екі адам Атланта қаласындағы медициналық мекемеде бақылауда отыр. Олардың бірінен ауру белгілері байқалған.

MV Hondius круиз кемесі Анд хантавирусының таралуымен байланысты аталып отыр. Бұл – сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін хантавирус түрі. Алайда мамандар инфекцияның негізгі тасымалдаушысы кеміргіштер екенін атап өтті.

АҚШ ведомстволары тұрғындар арасында індеттің жаппай таралу қаупі төмен екенін мәлімдеді. Себебі вирус жұғу үшін науқаспен ұзақ әрі тығыз байланыс қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегінше, круиз кемесінде жеті адамнан хантавирус анықталған. Медициналық бақылаудағы жолаушылар 42 күнге дейін карантинде болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған круиз кемесінде жеті адам вирус жұқтырғаны хабарланған еді. Олардың үшеуі қаза болған.

Сонымен қатар Израильде Шығыс Еуропадан оралған жолаушыдан алғаш рет хантавирус тіркелген.

Бұған дейін ДДҰ MV Hondius кемесіндегі науқастармен байланыста болған адамдарға 42 күндік карантин сақтау жөнінде кеңес берген. Кейін Франция мен АҚШ-қа эвакуацияланған тағы екі жолаушыдан хантавирус анықталғаны хабарланды.