Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Круиздік кемеде хантавирус өршіді. Әлемге жаңа қауіп төніп тұр ма?

Фото: REUTERS / Dado Ruvic
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы MV Hondius бортындағы хантавирус өршуі жаңа пандемия қаупін тудырмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ұйым мәліметінше, круиздік кемеде хантавирусты жұқтырудың бес жағдайы расталған. Үш адам қайтыс болып, тағы бірнеше жолаушыдан ауру белгілері анықталған. Қазіргі уақытта кеме Кабо-Верде жағалауында тұр. Бортта шамамен 150 адам бар.

Хантавирус COVID сценарийін қайталай ма?

ДДСҰ эпидемиологы Мария Ван Керкхове бұл жағдайды коронавирус пандемиясымен салыстыруға болмайтынын айтты.

Бұл — COVID пандемиясының басталуы емес. Біз кемедегі індет ошағын бақылап отырмыз, — деді маман.

Оның сөзіне қарағанда, хантавирус коронавирусқа қарағанда өзгеше таралады және адамнан адамға жұғуы үшін тығыз әрі ұзақ байланыс қажет.

лайнер, круиздік кеме
Фото: REUTERS

Хантавирус жұқтырғандар саны артуы мүмкін

ДДСҰ хантавирустың инкубациялық кезеңі алты аптаға дейін созылуы мүмкін екенін ескертіп, алдағы уақытта жұқтырғандар саны артуы ықтимал екенін мәлімдеді. Қазіргі кезде мамандар инфекцияның адамнан адамға берілу мүмкіндігін зерттеп жатыр. Алайда мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі.

Сонымен қатар кеме бортынан хантавирустың негізгі тасымалдаушысы саналатын егеуқұйрықтар табылмағаны хабарланды.

Айта кетейік, MV Hondius кемесі Аргентинадан 1 сәуірде шығып, Атлант мұхиты арқылы Антарктида мен Фолкленд аралдары бағытына круизге аттанған. Ауру өршігеннен кейін маршрут өзгертіліп, үш науқас Нидерландыға эвакуацияланған.

Еуропалық Одақ пен ДДСҰ өкілдері халық үшін қауіп деңгейі төмен екенін мәлімдеді. Еуроодақтың баспасөз хатшысы Ева Хрнчирова қазіргі уақытта Еуропада инфекцияның жаппай таралу қаупі байқалмайтынын айтты.