Ақтөбеде ер адам алимент пен несиесін төлеу үшін компьютер клубынан қымбат жабдықтарды ұрлап кеткен. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Диапазон» басылымының мәліметінше, клуб иесі тұрақты келушілерінің бірін жұмысқа алып, оған компьютер жабдықтары мен бейнебақылау жүйесін орнатуды сеніп тапсырған. Ер адамның қаржылық қиын жағдайда жүргенін білген кәсіпкер оған бұған дейін де бірнеше рет материалдық көмек көрсеткен.
Алайда жұмысшы барлық бөлмеге еркін кіріп-шығу мүмкіндігін пайдаланып, желіге қосылмаған компьютерлер тұрған бөлмеден жалпы құны шамамен 2,5 миллион теңге болатын бейнекарталарды ұрлап кеткен. Кейін ол құрылғыларды сатып, түскен ақшаны несиелері мен алимент төлеуге жұмсағаны анықталды.
Сотқа дейін келтірілген шығын өтелмеген. Сонымен қатар ұрлық кезінде ер адамның бұрынғы қылмысы үшін пробация қызметінің бақылауында болғаны белгілі болды. Іс материалдарын қараған сот оны 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті, — делінген хабарламада.
