Гарри Поттер туралы кітаптар қазақшаланады — Вадим Голенко

«Біз әлемдік студиялардың өнімдерін қазақ тіліне көбірек бейімдеп, кітап баспаларының өнімдерін қазақшалауға мән берудеміз. Мысалы, Джоан Роулингтің жаңа кітабын қазақ тілінде басып шығаруды армандаймын. Егер де оның Гарри Поттер немесе басқа да жобалары бір мезгілде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде басылып жатса, бұл өз кезегінде үлкен оқиға болады деп санаймын»,-деді В. Голенко.

Осы тұрғыда ол тиісті кітаптарды басқа тілдерде қайта басып шығаруға рұқсатты баспалардан сатып алынса, ал Гарри Поттер туралы серияларды басу құқықтарын тікелей Джоан Роулингтен алу керектігін түсіндірді. Бұл бағытта келіссөздердің өзіне ұзақ уақыт жұмсалатынын айтты.

«Әрине, бұл мәселені Роулинг ханыммен талқыласақ, оның бізге сенуі үшін қызықтыра түсуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер, оның кітаптары миллиондаған данамен басылып жатыр. Сондықтан да біз қандай да бір нақты дәлелдерді келтіруіміз қажет. Осы орайда мүмкін «Болашақ» қауымдастығымен бірлесе отырып, Роулингке оның туындылары Ұлы Даланың ең көне тілдерінің бірінде басылатынын түсіндірген жөн болар. Бұл ретте ол бізге сенім артып, өз рұқсатын беруі ықтимал»,-деп ойымен бөлісті «Меломан» басшысы.

Вадим Голенко

Сонымен қатар ол қазіргі кезде компания бірқатар шетелдік авторлардың туындыларын қазақ тіліне аударуға келіссөздер жүргізіп жатқандығын айтты.

«Бүгінде Францияда басылған авторлардың кітаптарын қазақ тілінде шығару үшін француздық баспамен келіссөздер жүргізудеміз. Осы рәсімдер айтарлықтай көп уақытты алатыны түсінікті»,-деді Вадим Голенко.

Айта кетейік, Джоан Роулингтің жас сиқыршы Гарри Потер жайындағы кітаптары бірнеше марапатқа ие болып, 400 миллионнан астам дана көлемде сатылған болатын.

ДереккөзInform.kz