Ауыз бекіткендерге ақыл-кеңес

*Биылғы Рамазан айы 27 мамырда басталып, 24 маусымда аяқталады. Күнтізбе бойынша Ораза 29 күн.

*Пiтiр-садақаны Рамазан айының басынан Айт намазына дейiн беруге болады. Еліміз бойынша әр адамға 300 теңге.

*Пітір-садақадан түскен қаражат есебінен мүгедектер мен қарттарға, жесір әйелдер мен жетімдерге, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіледі.

*Қасиетті Қадір түні маусымның 21-інен 22-іне қараған түні болады. Қадір түнінде мешіттерде таңға дейін рухани бағдарламалар ұйымдастырылады. Уағыз айтылып, Құран оқылып, жамағатпен дұға жасалады.

*25 маусым күнi Ораза айт мейрамы басталады. Ораза айт күндері дәстүрлі түрде мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады деп күтілуде.

*Жолаушыларға, жүкті, етеккірі келген немесе омырауда баласы бар әйелдерге, науқас жандарға Ораза ұстау — парыз емес.

*Сапарда жүргендерге Ораза ұстамауға болады. Бірақ басқа күндерде санын толтырып, ауыз бекітеді. Егер сапар қиындық туғызбаса, абзалы — ауыз бекіту.

*Рамазан айы қарсаңында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы мұсылман қауымына Үндеу жолдап, халқымызды оразаның әр күнінде жақсылық жасап, қайырымдылық іс-шараларға атсалысуға шақырды. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді тұрмысқа қажетті заттарға жеңілдік жасауға, жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатпауға үндеді.

*Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі.

ДереккөзInform.kz