Бас Мүфти қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

Бүгін, 27 мамыр - қасиетті Рамазан айының бірінші күні. Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айының басталуына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы құттықтау жолдады.

«Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан — он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді.

Рамазан — Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл — Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі.

Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз.

Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза — тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» — деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған.

Шарапаты мен шапағаты мол айда сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разылығына бөленуге асығайық, ағайын! Өйткені, мұсылманның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні сондықтан.

Ораза — күндіз ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Рамазан — рухтың азығы, тәннің шипасы. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», — деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый — жәннат.

Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да — үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…» — деген.

ДереккөзInform.kz
Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз