Алматы әуежайындағы су басу оқиғасынан кейін жауаптылар жазаланды

Көлік министрлігі Алматы халықаралық әуежайының терминалын су басу фактісіне байланысты шұғыл шара қабылданғанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ведомство басшылығы Алматы халықаралық әуежайы әкімшілігімен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жедел кеңес өткізген. Нәтижесінде Азаматтық авиация комитеті әуежайды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Әуежай басшылығы техникалық мәселелерге жетекшілік ететін аға вице-президент Мехмет Гюзель тәртіптік жазаға тартылғанын хабарлады. Әуежай жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.

Қазіргі уақытта анықталған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар күшейтіліп, барлық шара жедел режимде жүргізіліп жатыр. Су басу себептерін толық жою және жөндеу жұмыстарын аяқтау алдағы алты ай ішінде жоспарланған, — делінген хабарламада.

Көлік министрлігі авиациялық инфрақұрылым нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және заң талаптарының сақталуын бақылау күшейтілетінін атап өтті.

Еске салайық, қатты жауын-шашыннан кейін Алматы әуежайы терминалдарының бірқатар бөлігінде шатырдан су ағу деректері тіркелген болатын.