Қатты жауын-шашыннан кейін Алматы әуежайы терминалдарының бірқатар бөлігінде шатырдан су ағу деректері тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әлеуметтік желілерде жолаушылар тексеру аймағы, паспорттық бақылау және өзге де аумақтарда су жиналғанын көрсететін видеолар тарады. Куәгерлердің айтуынша, кейбір учаскелер уақытша жабылып, әуежай аумағында үлкен шалшықтар пайда болған.
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, нөсер жауын салдарынан Т1 және Т2 терминалдарының жекелеген аймақтарында су ағу фактілері болған. Алайда бұл жағдай рейстердің орындалуына әсер етпеген.
Салдары 30 минут ішінде жедел жойылды. Қазіргі уақытта әуежай қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін инфрақұрылым тексеріліп, себептері анықталып жатыр, – делінген хабарламада.
