Қазақстанның бірқатар өңірінде 30 сәуірде ауа райы қолайсыз болады деп болжанып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр
«Қазгидромет» РМК-ның ақпарына қарағанда, елдің 13 облысында дауылды ескерту жарияланып, тұрғындарға сақтық шараларын күшейту ұсынылды. Синоптиктердің дерегі бойынша, батыс, солтүстік және оңтүстік өңірлерде жауын-шашын, найзағай, желдің күшеюі, кей жерлерде бұршақ пен шаңды дауыл болады.
Ақтөбе облысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстігінде нөсер күшеюі мүмкін, ал орталығы мен шығысында бұршақ пен дауылды жел болжанған. Желдің екпіні 15–18 м/с-қа дейін жетеді. Облыс орталығында да жаңбыр мен найзағай ойнайды.
Жетісу өңірінде желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, Алакөл маңында 23–28 м/с-қа жетуі ықтимал. Сонымен қатар облыстың шығысы мен оңтүстігінде өрт шығу қаупі өте жоғары.
Қызылорда облысында батысы мен солтүстігінде найзағайлы жаңбыр жауып, кей аумақта шаңды дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің бірқатар бөлігінде өрт шығу қаупі әлі де жоғары.
Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. БҚО-ның солтүстігі мен шығысында түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, кей жерлерде ауа температурасы -2°C-қа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал.
Маңғыстау облысында жаңбыр, найзағай және оңтүстігінде бұршақ болуы мүмкін. Жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді, ал түнде тұман түсу қаупі бар.
Қарағанды, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарында желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Бұл өңірлердің бір бөлігінде өрт шығу қаупі әлі жоғары.
Атырау облысының шығысында жаңбыр мен найзағай болжанса, Павлодар облысының солтүстігінде де өрт шығу қаупі әлі де жоғары.
Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, кей аумақта тұман түсуі ықтимал.
Синоптиктердің мәліметінше, ауа райының күрт құбылуы тұрғындардан барынша сақ болуды талап етеді.
