Елімізде ТМД елдерінің есірткі интернет-дүкендеріне ақша аударып отырған криптоалмастырғыш жойылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ТМД кеңістігіндегі ірі көлеңкелі криптосервистердің бірі – цифрлық активтер арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан RAKS Exchange жойылған еді.
Қаржы мониторинг агенттігінің ақпаратына қарағанда, бұл криптоалмастырғыш арқылы Қазақстан, Ресей, Украина және Молдова аумағында әрекет еткен 200-ден астам есірткі интернет-дүкенінің транзакциясы өткен. Платформаның жалпы айналымы 224 млн АҚШ долларынан асқан.
Follow the Money тәсілі аясында есірткі құралдарының заңсыз айналымына және даркнет алаңдарының қызметіне қатысы бар 4 000-нан астам криптоәмиянға блокчейн-талдау жүрді. Криптотергепу нәтижесінде жалпы сомасы 9,7 млн USDT-тен асатын цифрлық активтер бұғатталды, — делінген хабарламада.
3,2 млн USDT болатын қаражаттың бір бөлігі тәркіленді. Қаражат агенттіктің арнайы шотына аударылды.
Естеріңізге салайық, ҚМА онлайн-казино ашқан екі шетел азаматына іздеу жариялаған еді.
