Алматы облысында туған әкесін соққыға жығып, өліміне себеп болған ер адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Сот мәліметінше, 2024 жылғы 10 қазанда Қайнар ауылында айыпталушы мен оның әкесі арасында тұрмыстағы жанжал туындаған. Алкогольдік масаң күйде болған ер адам әкесінің басы мен денесіне қолымен де, аяғымен де бірнеше мәрте соққы жасаған.
Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің өлімі кеуде тұсынан алған ауыр жарақаттар салдарынан болғанын көрсетті. Қабырғалардың сынуы мен өкпенің зақымдануы травматикалық шокқа әкеліп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталған. Сарапшылар кемінде 15 соққы жасалғанын анықтап, бұл жарақаттарды өмірге қауіпті ауыр зиян ретінде бағалаған. Айыпталушы сотта кінәсін мойындамағанымен, тергеу барысында берген бастапқы жауабы мен жиналған дәлелдер оның қылмысқа қатысын толық дәлелдеген, — делінген хабарламада.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың ауырлығын, сотталушының жеке басын, бұрын сотталмағанын, сонымен қатар жәбірленуші тараптың кешірім бергенін ескерді. Ал қылмыстың мас күйде жасалуы жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Сонымен қатар сотталушыдан сараптама шығындары өндіріліп, жәбірленушілерге өтемақы қорына міндетті төлем жүктелді. Үкім заңды күшіне енді.
