Ғылым және жоғары білім министрлігі талаптарға сәйкес келмесе де, 340 адамға «Болашақ» стипендиясын өз қалауы бойынша берген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Тілеген Қасқынның айтуынша, министрлік белгіленген талаптарға сәйкес келмегеніне қарамастан, 340 үміткерге 7,7 миллиард теңге көлемінде «Болашақ» стипендиясын жеке тәртіппен тағайындаған.
Бұдан бөлек, тағы 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс берілген. Аудит барысында жасанды интеллект бағыты бойынша да сәйкессіздіктер анықталған. Жоспарланған 54 гранттың тек бесеуі ғана нақты тағайындалып, қалған 49-ы өзге бағыттарға қайта бөлінген. Бұл мәселелер «Еңбек нарығындағы өзгерістер мен жасанды интеллектіні енгізуді ескере отырып, жоғары білімді кадрларды даярлау» тақырыбы аясында қаралды, — деді Тілеген Қасқын мәжілістегі үкімет сағатында.
Жоғары аудиторлық палата өкілдері бағдарламаны іске асыруда ашықтық пен талаптардың сақталуы маңызды екенін атап өтті.
