Қазақстанға білікті мамандар мен инвесторлар тартылады

Не болды?

Қазақстанда шетел азаматтарының тұрақты тұруға рұқсат алуына қажет сұранысқа ие мамандықтар тізімі 2026 жылдың соңына дейін жаңарады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуына қарағанда, арнайы визалар, оның ішінде тұрақты тұруға арналған санат та сұранысқа ие мамандарға беріледі.

Қандай мамандар сұранысқа ие?

Жалпы тізімде 51 мамандық бар. Олардың қатарында нейрохирург, гематолог, бактериолог, фармацевтика өнеркәсібінің инженер-технологтары, графикалық анимация техниктері және басқа да мамандар бар.

Аида Балаеваның айтуынша, бұл тізім экономиканың қажетіне байланысты үнемі жаңарып, өзгеріп отырады.

Тізім 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында жаңарады. Мұндай тәсіл экономикадағы өзгерістерге сай жедел әрекет етуге және шын мәнінде сұранысқа ие мамандарды тартуға мүмкіндік береді, – деді Аида Балаева.

Цифрлық көшпенділерге арналған виза

Жоғары білікті мамандар мен цифрлық көшпенділерге арналған визалардың жаңа форматтары енеді. Бұл Қазақстанға жаһандық таланттар мен заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді.

Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері сұранысқа ие мамандарға 5100 рұқсат берілген. Еңбек мигранттарына шамамен 75 мың рұқсат рәсімделген.