Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 2026 жылғы наурыз айының соңында 129,5 миллиард доллар болды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, елдің тауарлар мен қызметтер импорты 9% өсіп, 80,3 миллиард долларға жеткен.
Өсім негізінен өнеркәсіптік тауарларды сатып алумен байланысты. Ал кірістер балансының тапшылығы шикізат экспортының таза табысының төмендеуіне байланысты 4%-ке қысқарып, 22,3 млрд доллар болған. Сонымен қатар бейрезиденттерге төленетін төлемдер көлемі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл өз кезегінде төлем балансына белгілі бір қысым жасап отыр, — деді Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысында.
Қазақстан ұлттық банкі дерегінше, елдің алтын-валюта резервтері 2,7% өсіп, 67,2 миллиард долларға жеткен. Ал ұлттық қор активтері 2,5% азайып, 62,3 миллиард доллар болды.
Бірінші тоқсанда ұлттық қорға 184 миллиард теңге түсім түскен. Ал республикалық бюджетке қордан 800 миллиард теңге трансферт бөлінген. Бұдан бөлек, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтері жыл басынан бері 2,6% өсіп, 25,8 триллион теңгеге жеткен. Инвестициялық табыс көлемі 271,4 миллиард теңге болды, — деді Ерұлан Жамаубаев.
