Енді ереже бұзған психологтар айыппұл арқалауы мүмкін

Қазақстанда психологиялық қызмет көрсету ережелерін бұзған мамандарға әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылып жатыр. Бұл түзетулер бүгін мәжілісте «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасы аясында талқыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова заң жобасына сәйкес, психологиялық қызметпен тек мемлекеттік тізілімге енгізілген мамандар айналыса алатынын айтты. Ол сонымен қатар тізілімге енбеген мамандар психологиялық көмек көрсеткен жағдайда туындауы мүмкін тәуекелдерге назар аударды.

Депутат психологиялық қызмет көрсету нәтижесінде адам денсаулығына зиян келген жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.

Мәжіліс депутаты Айна Мысырәлімова жауап ретінде қолданыстағы заңнамада мұндай жағдайлар үшін қылмыстық кодекске сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді. Зиянның ауырлық дәрежесіне байланысты, әдейі зиян келтірілген жағдайда, айыппұлдардан бастап, бас бостандығынан айыруға дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар психологиялық көмек көрсету саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін жеке әкімшілік жауапкершілік енгізу қажет деген қорытындыға келді.