Қазақстан Орталық Азия елдері арасында халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы бойынша бірінші орынға шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, тарихи ең жоғары көрсеткіш тіркелген. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы белгілеген мақсат мерзімінен бұрын орындалған. Атап айтқанда, жұқпалы емес аурулардан ерте қайтыс болу деңгейі 25%-ға төмендеген. Кейінгі жылдары ана өлімі 35%-ға, нәресте өлімі 22% азайып, ең төмен деңгейге жетті. ЮНИСЕФ бағалауы бойынша, Қазақстан жаңа туған нәрестелер өлімін азайтуда өңірдегі көшбасшы ел атанды, — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БҰҰ деректеріне сілтеме жасап.
Азаматтардың денсаулығы — мемлекеттік саясаттың басты бағдары
Министрдің айтуынша, медицина саласындағы реформалардың нәтижесінде кейінгі жеті жылда ел бойынша 1250-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды. Ауылдық жерлерде медициналық қызметтің қолжетімдігі артып, шамамен бір миллион тұрғын алғаш рет тұрақты медициналық көмекке қол жеткізді.
Отандық дәрі-дәрмек өндірісі 37%-ға ұлғайды
Сонымен қатар дәрі-дәрмек бағасын реттеудің жаңа жүйесі енгізіліп, тегін медициналық көмек аясындағы препараттар орта есеппен 15% арзандады, ал дәріханаларда баға 26% дейін төмендеген.
2026 жылы медициналық көмекті қаржыландыруға шамамен 2,6 трлн теңге бөлінуі жоспарланып отыр. Бұл іс-шаралар медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.
