Қазақстан азаматтарының өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Алматы мен Астана көш бастап тұр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы туған кездегі өмір сүру ұзақтығы 75,97 жас болды. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда жоғары (75,44 жас).
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық қандай?
Қалалық және ауылдық жерлер арасындағы айырмашылық сақталып отыр: қала тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы – 76,63 жас болса, ауылдық жерде – 74,81 жас.
Гендерлік бөліністе әйелдер ұзақ өмір сүруде алда келеді. 2025 жылы әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы 79,8 жасқа жетсе (2024 жылы – 79,42), ерлер арасында бұл көрсеткіш 72,19 жасты құрады (2024 жылы – 71,33).
Алматы мен Астана көш бастап тұр
Өңірлер бойынша ең жоғары көрсеткіш Алматыда – 78,83 жас және Астанада – 78,78 жас. Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысы бойынша тіркелді – 73,56 жас.
