Ақтауда жүкті әйелдерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеген алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бухгалтер өзінің кәсіби білімін пайдаланып, жүкті әйелдерге арналған мемлекеттік жәрдемақыларды заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Ол әлеуметтік желілер арқылы өзін әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуші маман ретінде таныстырып, жәрдемақы көлемін арттыруға көмектесетінін уәде еткен.
Схеманы іске асыру үшін күдікті туыстары мен таныстарының атына нақты қызмет жүргізбеген бірнеше жеке кәсіпкерлікті тіркеген. Олардың электрон цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтар, еңбек шарттары және бухгалтерлік құжаттар әзірлеген. Осы арқылы жалған еңбек қатынастары бар деген көрініс қалыптастырылған, — делінген хабарламада.
Нәтижесінде уәкілетті органдарға ұсынылған жалған мәліметтер негізінде жәрдемақылар негізсіз жоғары мөлшерде тағайындалған. Кейін кейбір кәсіпкерлер әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын кері қайтаруды рәсімдеген.
Алаяқтық әрекеттер салдарынан мемлекетке 146 миллион теңге көлемінде залал келтірілген. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа үш бөлмелі пәтер сатып алынған. Тергеу барысында бұл мүлікке тыйым салынып, кейін сот шешімімен мемлекет кірісіне тәркіленді, — делінген хабарламада.
Сот үкімімен айыпталушы бес жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енді.
