Қазақстанда оқу ақысының күрт өсуіне шектеу сақталады, ал студенттердің шәкіртақысын қайта арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, кейінгі бес жыл ішінде шәкіртақылар кезең-кезеңімен жыл сайын 20–25% өсіп, жалпы көлемі шамамен екі есеге артқан. Алайда 2025 жылы бұл өсім кезеңі аяқталған. Қазіргі таңда үкімет жаңа бес жылдық бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Ең жоғары өсім докторанттарға тиесілі. Бүгінде PhD докторанттарының ай сайынғы шәкіртақысы шамамен 254 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар педагогикалық бағыттағы студенттердің төлемдері де айтарлықтай ұлғайған. Ал базалық шәкіртақы мөлшері шамамен 55 мың теңге деңгейінде қалып отыр. Шәкіртақыны қосымша 10% арттыру мәселесі әзірге нақты шешімін таппаған, — деді министр.
Министрдің сөзіне қаарғанда, бұл бағытта тек талқылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар үкімет оқу ақысының негізсіз қымбаттауына жол бермеу саясатын жалғастырады.
Мемлекеттік университеттердегі оқу ақысы мемлекет тарапынан реттеледі. Жоғары оқу орындарына тек инфляция деңгейіне сәйкес, шамамен 10% көлемінде ғана бағаны түзетуге рұқсат беріледі. Кейбір жағдайларда бұл көрсеткіш 10–15%-дан аспайды. Биыл да осы саясат сақталып, министрлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, оқу ақысының шектен тыс өсуіне жол бермеуді көздеп отыр, — деді министр.
