Не болды?
Қазақстан спортшысы Софья Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында 12-орынға табан тіреді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Чехияның Прага қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер арасында жеке қысқа бағдарлама сайысы өтті. Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметіне қарағанда, Қазақстан спортшысы Софья Самоделкина 66.95 ұпай жинап, аралық есепте 12-орынға тұрақтады.
Қысқа бағдарлама нәтижесі бойынша, Жапония спортшысы Каори Сакамото 79.31 ұпай жинап, көш бастап тұр. Тағы бір жапониялық Моне Чиба 78.45 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Ал америкалық Эмбер Гленн 72.65 ұпаймен үшінші орынға ие болды.
Әлем чемпионатының еркін бағдарламасы 27 наурызда өтеді. Астана уақыты бойынша 22:00-де басталады.
Контекст
Естеріңізге салайық, Софья Самоделкина 2026 жылғы қысқы олимпиадаға қатысып, мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасындағы жарыста 10-орынға тұрақтаған еді.
