Ресей ЭКСПО-ға алып мұзтау әкеледі

Ресейдің ірі компаниялары Астанадағы көрмеде атомдық энергетика мен жаңғыртылатын энергия көздері салаларындағы жаңалықтарды көрсетуге дайын. Көрме аясында Ресей 100-ден астам форум мен конференция өткізеді. Ресейлік павильонды ұйымдастырушылар бұл көрмеге 200-ден астам компания мен ел аймақтары қатысады деген ойда.

«Астанадағы көрме бизнес алаңға айналмақ. Мұнда жүздеген, мыңдаған келісімге қол қойылатыны сөзсіз. Миллиондаған келушіні күтудеміз. Жуырда Ресей ЕХРО-2025 көрмесін өткізуге өтінім бергенін ескерсек, біз үшін Астандағы шара өте маңызды болып тұр» дейді ресейлік көрмешілердің бас комиссары Георгий Каламанов.

Олар жаңа бизнес байланыстарды нығайтумен қатар қазақстандық компаниялармен бірігіп баламалы энергетика саласында жаңа жобаларды бастауды көздеп отыр.

«Жақында Қазақстанға барып, көрмені қарап шықтым. Ашылуға дайын. Бәрі сақадай сай. Осындай халықаралық дәрежеде аумақты шара өткізу біздің елдеріміз үшін тиімді нәтиже бермек» — дейді «Хевел» компания тобының бас директоры Игорь Шахрай.

 

Дереккөз24.kz