Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда 11 500 домбырашы күй тартып, рекорд орнатты

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Не болды?

17 наурыз күні Almaty Arena мұз сарайында «Домбыра үні» деген ауқымды флешмоб өтті. Бір мезетте 11 500 оқушы домбыра тартып, Наурыз мейрамына орай ұлттық рекорд орнатты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Алматы әкімдігінің ақпаратына қарағанда, дайындық бірнеше ай бұрын басталған. 200-ден астам мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарында 7-10 класс оқушыларының біріккен домбыра ансамбльдері құрылған. Оларды шамамен 1000-ға жуық педагог бірнеше апта бойы дайындаған.

Кеште тек бір күй емес, арнайы дайындалған попурри шертілді. Төлеген Мұхамеджанның, Алтынбек Қоразбайдың шығармалары, Нұрғиса Тілендінің күйлері мен Құрманғазының «Балбырауын» күйінің заманауи өңделген рұсқасы тартылды.

Бұл — жаңа рекорд

Қазақстан рекордтар кітабының сарапшылары қатысушылар саны, орындау үйлесімі мен ұзақтығын тексеріп, ресми түрде жаңа рекорд тіркеді. Бұл Қазақстан рекордтары тізіміне «жаппай жетістіктер» санаты бойынша енді.

Контекст

Естеріңізге салайық, Алматыда Ұлттық домбыра күні ауқымды түрде аталып өтті.