Тамыз айынан бастап Қазақстаннан Түркияның астанасы Анкараға күн сайын тікелей ұшуға мүмкіндік туады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, халықаралық әуе бағыттарының географиясын кеңейту және қолданыстағы рейстердің санын көбейту жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркиялық AJET әуе компаниясы Астана–Анкара және Алматы–Анкара бағыттарындағы рейстер санын аптасына екі реттен жеті рейске дейін арттырады. Нәтижесінде екі бағыт бойынша да ұшақтар күн сайын қатынайтын болады, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, рейстер санының көбеюі Қазақстан мен Түркия арасындағы іскерлік байланыстарды, сауда-экономикалық ынтымақтастықты және туристік алмасуды дамытуға ықпал етеді.
