Әуезов университетінің студенттік театры үздік деп танылды

2023 жылғы 21-22 сәуір күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына орай «Студент және сахна» республикалық фестивалі өтті.

Жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында өткен фестивальге Алматы, Шымкент, Тараз, Орал қалаларынан келген студенттер қатысты.

Екі күнге созылған фестивальдің бірінші күні Абай университетінің тарихы таныстырылып, актерлік шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Ал екінші күні студенттік театрлар өз қойылымдарын ұсынды. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің “Өркен” студенттік театры қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің “Көксерек” шығармасын қойды. Қойылымның режиссері, Әуезов университетінің аға оқытушысы Еркебұлан Жолдасов “Көксерек” шығармасын бүгінгі өмірдің өзекті проблемасымен ұштастырып, жаңаша интерпретацияда ұсынды.

Фестиваль қорытындысы бойынша, Әуезов университетінің “Өркен” театры 1-орын иеленді. Сонымен қатар “Ең үздік әйел образы” номинациясын  Әуезов университетінің студенті Елшібек Шұғыла қанжығасына байлады. “Ең үздік режиссура” номинациясы да Әуезов университетіне бұйырды. «Өркен” театрының жетекшісі, Әуезов университетінің аға оқытушысы Еркебұлан Жолдасов үздік режиссер деп танылды.

Қазылар алқасы “Өркен” театры актерлерінің шеберлігін, кәсібилігін, қойылымының мазмұндық мәнін, режиссерлік шешімнің өте жоғары екендігін атап өтті.

Жалпы, фестивальге 100-ге жуық студент қатысты. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінен «Өркен» студенттік театры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «8848» студенттік театры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Дебют» студенттік театры, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінен «Мұрагер» студенттік театры, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінен «Дулати» жастар театры өнер көрсетті.