Қазақстан еңбекқор адамдардың арқасында қалай дами алады?

Қазақстан еңбекқор адамдардың арқасында қалай дами алады? Бұл сұраққа Григорий Петров жазған «Финляндия қалай оянды?» еңбегін негізге ала отырып жауап іздеп көрдік.
Бұл шығармада Алаш қайраткерлерінің ықпалымен көбірек сауат ашқан қазақ халқы секілді фин жұртының да қоғам қайраткерлері, әсіресе қоғамда еңбек пен білімді көбірек насихаттау арқылы қалай дамығанын талдап көрсетеді.

Финляндияның климаты қатаң: жаңбыры көп жауады, қысы ұзақ әрі суық. Топырағы құнарсыз, пайдалы қазбасы жоқтың қасы. Соған қарамастан, кейінгі жылдары фин халқы өз елін мықты мемлекетке айналдырды.

Бұл жетістіктің себебі – халықтың еңбекқорлығы, тәртібі мен білімге құштар екені:

  • «Өз көзіңмен көргенде қайран қаласың…». Финляндия халқы қазақ елі секілді адал еңбек етуді, біреудің ала жібін аттамауды өмірлік қағидаға айналдырған. Қарапайым өмір сүріп, дүние-мүлік жинамайды екен.
  • «Бізде мектептен басқа байлық жоқ». Олар халықтың сауатын ашуға, мектептегі білім беруге ерекше көңіл бөлген. 2024 жылғы дерек бойынша, Финляндияда 1900-ден астам мектеп, 330 орта мектеп, 77 кәсіптік оқу орны және 13 университет бар. Жергілікті халықтың өзі «біздің мектептен басқа байлығымыз жоқ» дейді екен. Мұғалім еңбекқорлыққа, жауапкершілікке баулыған. Осылайша, саналы ұрпақ саналы қоғам қалыптастырған.
  • «Біз жиылсақ, көппіз, жайылсақ, жоқпыз». Халық мемлекеттің саяси ісіне белсенді араласып, кейінгі жаңалықтардан лезде хабар алып отырады. Халық өз бойында дүлей күш барын түсінген. Бұл қазақ жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Біз жиылсақ, көппіз, жайылсақ, жоқпыз» деген сөзін еске салады.
  • Жұмысшы әйелдер қозғалысы құрылған. Мийна Силлиания деген аспаз әйел газеттен сауат ашып, мақала жазып, қоғамдық істерге араласқан, кейін жұмысшы әйелдер қозғалысын құрған. Сол арқылы парламент депутаттығына дейін көтерілген.
  • Әр қоғамды халық қалай алға сүйресе, дәл сол деңгейде оларға жөн сілтейтін біреу керек. Қазақтың бағына Алаш қайраткерлері мен олардың жаңашыл идеялары бұйырса, финдердің бағына Йохан Вилхелм Снеллман жаққан екен. Ол — 1806-1881 жылдары өмір сүрген саясаткер және Финляндияның ұлттық ояну қозғалысының маңызды қайраткерлерінің бірі. Оның нұсқаулығымен кейін тіл, ақша, білім беру реформалары қабылданған.

Мемлекеттің дамуына тікелей ықпал ететін еңбек ету мен білім беру салалары туралы ойшыл Абай Құнанбайұлы да «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар», «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген. Фин халқының тәжірибесі Қазақстан үшін де маңызды. Еліміз табиғи байлыққа бай болғанымен, ел болашағы адамдардың еңбектенгеніне, алға ұмтылғанына байланысты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да