Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Сиыр етін экспорттау жеңілдеп, жұмыртқа импорты шектеледі

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Үкіметте премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырыста сиыр етін экспорттау, тауық жұмыртқасын импорттау және аналық мал басын сақтау мәселелері қаралды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкіметтің мәліметінше, жиында ішкі нарықтағы бағаның тұрақтануы мен жеткілікті қордың болуын ескере отырып, картоп экспортына уақытша шектеу енгізбеу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар сиыр етін экспорттаушыларға квота беру талаптарын жеңілдету жоспарланып отыр. Қазіргі ережеге сәйкес, квота алу үшін кәсіпорындарда кемінде 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы мен жеке ет комбинаты болуға тиіс.

Шешім қабылдау кезінде үкімет бекіткен мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары да ескерілді. Құжат бойынша, елімізде ірі қара мал санын 7,9 миллионнан 12 миллион басқа дейін көбейту, экспорттық әлеуетті арттыру және қазақстандық сиыр етін өткізу үшін жаңа нарықтар ашу көзделген. Ауыл шаруашылығы министрлігі квота бөлу ережесіне тиісті өзгерістер енгізеді, — делінген хабарламада.

Аналық мал басын сақтау және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан ірі қара мен ұсақ малдың аналық басын, сонымен қатар бұқаларды, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге қойылған тыйымды ұзарту туралы шешім қабылданды.

Бұдан бөлек, алты ай мерзімге ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқасын импорттауға тыйым салынады. Қазіргі уақытта Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның ішінде 34-і жұмыртқа, 29-ы ет және жетеуі асыл тұқымды құс өндірумен айналысады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде тауық жұмыртқасының өндірісі 2,4% өсіп, 4,56 миллиард данаға жетті. Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі 98% болды, — делінген хабарламада.