Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Сирек адамдар». Алматыда сирек кездесетін ауруға шалдыққан адамдар туралы фильм шықты

Фото: Қанат Бейсек youtube арнасы
Алматыда сирек кездесетін ауруға шалдыққан адамдар жайлы «Сирек адамдар» («Редкие люди») деген деректі фильм көрсетілді. Төрт жылда бір рет келетін 29 ақпан – Сирек кездесетін ауралардың халықаралық күні. Биыл бұл күн 28 ақпанда атап өтіледі. Baribar.kz тілшісі жарыққа шыққан туындыны тамашалап, түсірілім барысы жайлы біліп қайтты.
"Редкие люди" деректі фильмінің түсірілім тобы
Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Кинокөрсетілімге режиссер Қанат Бейсек пен Мақсат Әбітай, продюсер, идея авторы Қайрат Нұрмұғамбетов түсірілім тобы мен фильм кейіпкерлері қатысты.

«Сирек адамдар». Алматыда сирек кездесетін ауруға шалдыққан адамдар туралы фильм шықты
Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Деректі фильмде аса ауыр диагнозы бар бес кейіпкердің тағдыры көрсетілген. Олар ауруына қарамастан бақытты болуды, шынайы өмір сүруді, әр сәтті бағалауды үйренген. Сирек ауруға шалдыққан жандардың күнделікті тыныс-тіршілігі, ерекше оқиғасы көрерменге терең ой салады.

Ең қиыны – ауруды қабылдай алмау

"Редкие люди" деректі фильмінің кейіпкері Нұргүл
Нұргүл мен ұлы. Фото: Қанат Бейсек youtube арнасы

Бес кейіпкердің бірі ауруына қарамастан тоғыз жыл бойы балалар ауруханасында клоун болып істейді. Ауруханадағының бірі — барабаншы, бірі — ана, бірі — әке. Олардың тағдыры, жүріп өткен жолы әртүрлі. Дегенмен сол жолда бәріне кезіккен ортақ қиындық – ауруды қабылдай алмау. Әр науқас диагнозын білген кезде рухы күйрегендей, өмірдің мәні жоғалғандай күй кешкен.

Тіпті, жас музыкашы Данияр «мен жаман адам болғандықтан ауырып жатқан болармын» деп ойлағанын айтты. Ал баласы генетика ауруына шалдыққан Нұргүлдің әңгімесінен отбасының алдында өзін кінәлі сезінген әйел жанын, жанын шүберекке түйген ана бейнесін байқауға болады. Бәрінің де қолдаушы отбасы, жақындары бары қуантады.

«Кейіпкерді тым аянышты бейнеде көрсетуге болмайды»

Әлеуметтік тақырыпта фильм түсіруіме өмірімде өткерген жайттар себеп болды. Осындай маңызды мәселелерді ортаға салып, қоғамға пайдалы туынды түсіруге мүмкіндігім бар болса, неге пайдаланбасқа?! Фильмде адамдардың медициналық жеке деректері жарияланды. Осы тұрғыда этика қағидасын сақтау қажет. Мысалы, кейіпкерді көрерменге тым аянышты бейнеде көрсетуге болмайды. Мұндай шетін тақырыпта манипуляциядан аулақ болған жөн, — деді режиссер Қанат Бейсек.

«Сирек адамдар». Алматыда сирек кездесетін ауруға шалдыққан адамдар туралы фильм шықты
Ардақ пен оның отбасы. Фото: Қанат Бейсек youtube арнасы

Бес кейіпкердің біреуі үш ай бұрын өмірден озды

Қанат Бейсектің айтуынша, әлеуметтік деректі фильм қызық болуы керек. Ол көрерменге қызық фильм ұсыну үшін кейіпкерлердің болмысына мән береді. Сондықтан өзі жайлы еркін әңгімелеуге ашық әрі диагнозы әртүрлі адамдарды таңдаған.

Эмоциялық тұрғыда қиын болған сәт крон ауруына (асқазан-ішек жолдарының созылмалы қабынуы) шалдыққан Ардақты түсіру болыпты. Ол фильмге түсейін бе, түспейін бе деп ұзақ ойланған. Ардақ үш ай бұрын қайтыс болды. Енді бұл деректі фильм оның отбасына естелік болып қалды. Кинокөрсетілімге Ардақтың жұбайы келді.

«Бір кейіпкеріміз ары қарай фильмге түсуден бас тартты»

Кейіпкерлерді көндіру — расымен де қиын процесс. Олардың фильмге түсуге келісу не келіспеуі тақырыпқа байланысты болады. Деректі фильмнің атауы «Сирек аурулар» болса, ешкім ауруы жайлы айтқысы келмес еді. Фильмге енбеген бір кейіпкеріміз бар. Түсірілімнен кейін Семейге кетіп қалды. Өзі сол жақта тұрады екен. «Бізді фильмге қоспай-ақ қойыңызшы» деп хабарласты. Жоспар бойынша Семейге барып, жалғасын түсіруге дайын едік. Алайда кейіпкеріміз «балам әлі кішкентай, ал мен баламның атынан фильмге түсуге шешім қабылдай алмаймын» деді. Біз бұл жайтты түсіндік, әрі қарай өз жолымызбен кеттік, — дейді режиссер Мақсат Әбітай.

«Сирек адамдар». Алматыда сирек кездесетін ауруға шалдыққан адамдар туралы фильм шықты
Қанат Бейсек, Мақсат Әбітай. Фото: Нұрбибі Айтбайқызы/Baribar.kz

Мақсат Әбітайдың айтуынша, деректі фильм алты ай түсірілген. Арасында ауық-ауық үзіліс болғаг. Өйткені кейіпкерлерге де уақыт берген жөн. Камераға бой үйретіп, іштей дайын болуы керек. Жан жарасын айтатын адамды асықтыруға, қыспаққа алуға мүлдем болмайды.

Аурудың асқынуына көп жағдайда күйзеліс әсер еткен

Қазақстанда 87 мыңға жуық науқас сирек кездесетін ауруға шалдыққан. 10 мың адамның біреуінде ғана бар ауруды сирек кездесетін ауру деп атауға болады. Аурудың шамамен 80 пайызы ген арқылы тарайды.

Кейіпкерлердің айтуынша, аурудың асқынуына көп жағдайда күйзеліс әсер еткен. Біз әркез жылдам жетістікке жетіп, биік шыңды бағындыруға ұмтыламыз. Қарбалас тіршіліктің қамымен жүріп, кейде аман-сау жүрген күнімізді бағаламаймыз. Сөйтіп болмашы дүниеге күйзеліп, жүйкеге салмақ түсіреміз. Бұл өмірге сәулелі сәтті сезініп, бақытты болу үшін келгенімізді ұмытпайық.

Деректі фильм көрсетілімнен кейін Қанат Бейсектің Уoutube арнасына жарияланды.