Сталкиң мен некеге мәжбүрлеу: қай өңірлер алда тұр?

Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға берген жауабында Қазақстанның қай өңірінде некеге мәжбүрлеу фактісі көп кездесетінін атап көрсетті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Олжас Бектеновтің мәліметінше, құқық қорғау органдарында қылмыстық және әкімшілік заңнаманың жаңа нормаларын іс жүзінде қолдану мәселелері бойынша жеке құраммен түсіндіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізіледі. Яғни елімізде некеге мәжбүрлеу қылмыс екені, сонымен қатар сталкиң үшін жауапкершілік қарастырылатыны да түсіндіріледі.

Сонда да елде аталған фактілер тіркеліп жатыр. Мәселен, осы жылдың басынан бастап сталкиң фактілері бойынша 79 қылмыстық іс және некеге тұруға мәжбүрлеу фактілері бойынша 31 қылмыстық іс тіркелген. Нақтырақ айтқанда, қылмыстық кодекстің 115-1 бабы бойынша (сталкиң) Шымкент – 23, Астана – 16, Алматы – сегіз, Павлодар және Қызылорда – жеті, Абай және Түркістан – үш, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан – екі, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстары – бір қылмыс тіркелген, — деді үкімет басшысы.

Ал 125 баптың 1-бөлігі бойынша (некеге тұруға мәжбүрлеу) Шымкент қаласында – 15, Түркістан облысында – 10, Алматы және Қызылорда облыстарына – екі, Алматы қаласында және Жамбыл облысында – бір қылмыс фактісі тіркелген.