Оныншы орын екі ай бұрын Маңғыстау облысы әкімі болып тағайындалған Ералы Тоғжановтың еншісіне тиіпті.

Ал, тоғызыншы орынға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев жайғасқан.

“Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың да тілі жатық, қазақтың жалпақ тілімен кез-келген мәселенің тігісін жатқызып жеткізеді. Сан алуан шара мен алқалы жиындарда қазақ тілінің қадірін арттырып сөйлейтін Нұрлан Асқарұлын рейтингіміздің тоғызыншы орнына лайық деп таптық”, – дейді сарапшылар.

Сегізінші орын Құқықтық салада ауқымды реформаларымен көзге жиі түсіп жүрген тұлғалардың бірі Бас прокурор — Жақып Асановқа бұйырған.

Инвесторлардың біріне мемлекеттік тілдің мәртебесі туралы айтқан әңгімесі хит болған Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жетінші орынға жайсса, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аптаның алтылығына ілікті.

“Тілі мірдің оғындай саясаткерлердің бірі – Иманғали Тасмағамбетов. Сан лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған Иманғали Нұрғалиұлының кез-келген мәселеде шегелеп сөйлейтінін бұқара жақсы біледі. Еліміздің Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісінің еншісінде — бесінші орын”, – дейді “Апта” сараптамалық орталығы.

Соңғы кезде жаңа қырынан танылып үлгерген қызыл тілді шешен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев төртінші орыннан көрінді.

Үшінші орын Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның, ал екінші орын Нұр Отан партиясы төрағасының бірінші орынбасары, шешен сөйлеудің хас шебері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің үлесіне тиіпті.

“Мұхтар Абрарұлы әуезді тілімізде әуелетіп сөйлеп, ағылта жөнелгенде қазақ тілінің қадірін білетін қаймана жұртты баурап алады. Шешен сөйлеудің хас шеберіне екінші орынды лайық көрдік”, – дейді сарапшылар.

Бірінші орынды осыдан төрт жыл бұрын Болашақ бағдарламасы мерейтойында Елбасымен әдемі де тапқыр әңгіме құрған, қазір прокурордың көмекшісі қызметін атқарып жүрген Мақсат Ысқақов иеленді.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!