Ақтауда әскери қызметкер қаза болды. Қайғылы оқиғаға байланысты бас прокуратура ресми мәлімдеме жасады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 17 ақпанда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болу фактісі бойынша әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Оқиға орнына Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары, бас әскери прокурор, ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу департаментінің бастығы барды.
Қажет жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, сараптамалар тағайындалды. Іс бойынша процессуалдық прокурор айқындалды. Істің тергелу барысы Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы тарапынан бақылауға алынды. Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етуге жатпайды, – делінген хабарламада.
Қарулы күштер құрлық әскерлерінің мәліметінше, Құрлық әскерлері «Батыс» өнірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаруды пайдалану барысында оқ жарақатынан қайтыс болды. Оқиға бүгін полигонда жоспарлы далалық атыс жаттығуларын өткізу кезінде болған.
Еске салайық, 16 ақпаннан бастап 18 ақпанға дейін Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларының көшелерінде әскери техника қозғалады.
