Отандық ғалымдар диеталық таңғы ас ойлап тапты

Қазақстандық ғалымдар семіздік, 2 типті қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға көмектесетін жаңа құрғақ таңғы ас түрін әзірлеп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, жобаны Қазақ тағам және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты мамандары жүзеге асырып жатыр. Қазіргі таңда диеталық құрғақ таңғы ас өндірісінің инновациялық технологиясын әзірлеу жұмыстары аяқталуға жақын.

құрғақ таңғы ас
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Халықтың тамақ рационы рафинадталған көмірсуларға бай, ал тағам талшықтары, витаминдер мен минералдық заттар жеткіліксіз. Бұл мәселе әсіресе құрғақ таңғы ас сегментінде өзекті, себебі нарықтағы өнімдердің басым бөлігі қант мөлшері жоғары және биологиялық құндылығы төмен импорттық тауарлардан тұрады, — делінген хабарламада.

Ғалымдар ұсынған жаңа өнім отандық дәнді дақылдар негізінде дайындалады және өңдеу барысында пайдалы қасиеттерін сақтайды.

Министрлік мәліметінше, оның құрамында тағам талшықтары, В тобы витаминдері мен минералдар көбірек болады, ал энергетикалық тығыздығы төмен. Жаңа құрғақ таңғы ас диеталық және профилактикалық тамақтанудың бір бөлігі ретінде ұсынылып, көмірсу алмасуын қалыпқа келтіруге, асқазан-ішек жолдарының жұмысын жақсартуға және дене салмағын бақылауға септігін тигізеді.

Ғалымдар өнімнің дайындалу тәсілі мен өндіріс технологиясын әзірлеп қойған. Келер жылы оны нарыққа шығару жоспарланып отыр.