«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі республикалық маңызы бар автожолдардың қазіргі ахуалы туралы мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар өңірде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Ақтөбе облысы
«РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы» автожолының 965-1240-шақырым аралығы (Қарабұтақ ауылы – Қызылорда облысының шекарасы) жабылды.
Қызылорда облысы
Аталған автожолдың 1240-1362-шақырымы (Ақтөбе облысының шекарасы – Арал қаласы) бойынша қозғалыс шектелді.
Жетісу облысы
«Үшарал – Достық – ҚХР шекарасы» автожолының 84-164-шақырымы (Көктұма станциясы – Достық станциясы) учаскесінде көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Павлодар облысы
«Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы «Қалқаман» жолайрығы маңында (Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығар жол) қозғалыс шектелген.
Шығыс Қазақстан облысы
Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысына уақытша тыйым салынды. Шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымы (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) аралығында қыс мезгілі аяқталғанша сақталады.
Ұлттық компания жүргізушілерге жолға шығар алдында бағыттар бойынша ахуалды нақтылап, қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.
