Жаңа Конституция – саяси тұрақтылық пен жастар мүддесі үшін

Жаңа Конституция жобасында мемлекеттің саяси тұрақтылығын қамтамасыз ететін тетіктер қарастырылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ҚР парламенті мәжілісінің депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының алғашқы жиынында осылай деп мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген сәттен бастап елімізді одан әрі демократияландыру бағытын айқындап, плюрализмді дамытуға ықпал етуді өзінің негізгі міндеті санайды. Ерлан Саиров бұл саяси ұстанымның бүгінге дейін дәйекті түрде жүзеге асырылып келе жатқанын атап өтті.

Еліміздегі саяси жүйені жетілдірудің эволюциялық жолы нақты нәтиже беріп отыр. Жаңа Конституция жобасында биліктің халық алдындағы жауапкершілігі айқын көрініс тапты, – деді депутат.

Сонымен қатар Ерлан Саиров геосаяси тұрақсыздық жағдайында осындай конституциялық негіздің ерекше маңызды екенін айтты. Жоба алғаш рет Қазақстанның Ұлы Дала өркениетінің мұрагері екенін ресми түрде көрсетеді. Жаңа Конституция өскелең ұрпақтың саяси мүддесін басты назарға алады және бүгінгі буынның қажеттіліктеріне қызмет етуге бағытталған.

Еске сала кетейік, Астанада Конституциялық реформаны қолдау мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылды. Оған саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, жастар бірлестіктері мен кәсіподақ ұйымдары кірді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да