Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстанда шоколад өндірісі төмендеп, импорт артты

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Қазақстанда былтыр 90,2 мың тонна шоколад және шоколадтан жасалған кондитерлік өнімдер шықты. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,5% аз. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Energyprom.kz мәліметінше, өндіріс көлемінің төмендеуі екінші жыл қатарынан байқалып отыр: 2024 жылы өндіріс 13,5%-ға қысқарған еді. Кейінгі 10 жылда шоколад өнеркәсібі тұрақты өсімге шыға алмай, өндіріс 90–110 мың тонна аралығында ауытқып отыр.

Ішкі өндірістің әлсіреуі импортқа тәуелділікті арттырды. 2025 жылғы қаңтар-қараша айларында отандық фабрикалар ішкі нарықтағы сұраныстың тек 37,8%-ын қамтамасыз етті, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 40,6% болған. Осылайша шоколад пен қант қосылған шоколад өнімдерінің өндірісі 3,1%-ға азайып, 81,2 мың тонна болды, ал импорт керісінше 9%-ға өсіп, нарықтағы ұсыныстың 62,2%-ын қамтыды.

Шоколад бағасының өсуі әлемдік какао нарығындағы өзгерістерге байланысты. 2024 жылдың желтоқсанында какао бағасы тоннасына 12,9 мың АҚШ долларына жеткен болса, 2026 жылдың ақпанында күрт төмендеп, 3,8 мың АҚШ долларына дейін құлады. Кейінгі бір айда баға 30,5%-ға арзандады.

2026 жылғы қаңтарда шоколадпен қапталған конфеттердің орташа бағасы 1 кг үшін 3,5 мың теңге болды. Алайда өңірлер бойынша баға айырмашылығы айтарлықтай байқалды. Ең қымбат кәмпиттер Жезқазғанда (4,5 мың теңге), Қарағандыда (4,2 мың теңге) және Семейде (4 мың теңге) сатылса, ең арзан баға Таразда (2,7 мың теңге), Атырауда (2,8 мың теңге) және Астанада (2,9 мың теңге) тіркелді. Ең жоғарғы және ең төменгі баға арасындағы айырмашылық 1,8 мың теңгеден асты.

Мақалаға реакция