Қазақстан мен Қырғызстан Ыстықкөлдегі курорттарды жаңғыртуға келісімге келді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстан Ыстықкөл жағасында орналасқан төрт демалыс нысанын 2029 жылдың соңына дейін жөндеп, оларды үш және төрт жұлдызды қонақүйлер деңгейіне дейін жеткізуге тиіс. Сонымен қатар нысандар тек жаз мезгілінде емес, жыл бойы жұмыс істеуі міндеттелген. Жаңғырту жұмыстары кезінде жұмыс күшінің кемінде 80%-ы Қырғызстан азаматтарынан тартылуы қажет. Төрт нысанды жаңғыртуға жалпы 35,7 миллиард теңге қарастырылған.
Вице-министр Дәурен Темірбековтің айтуынша, тек «Қазақстан» шипажайына бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінетін болса, қалған үш нысан инвесторлардың есебінен жөнделеді.
Жөнделетін нысандар мен қаржыландыру көлемі:
-
«Қазақстан» шипажайы – 9 миллиард теңге;
-
«Самал» демалыс үйі (Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) – 10 миллиард теңге;
-
«Олимп» спорт-сауықтыру орталығы (туризм және спорт министрлігі) – 3,7 миллиард теңге;
-
«Университет» спорт-сауықтыру лагері (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) – 13 миллиард теңге.
Еске салайық, демалыс нысандары орналасқан жер учаскелері Қазақстанға 49 жылға жалға берілді.
