Волонтерлық қызмет Конституцияда бекітілуі мүмкін

Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов Конституциялық комиссия отырысында волонтерлық қызметті Конституцияға енгізу жөнінде ұсыныстар түскенін мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Оның айтуынша, комиссияның өткен отырыстарында әріптестер тарапынан нақты ұсыныстар айтылып, азаматтар, қоғамдық ұйымдар, ғалымдар мен заңгерлер қауымдастығынан көптеген жолданым келіп түскен. Соның негізінде Конституция жобасына бірқатар жаңа нормалар енгізу мәселесі қарастырылған.

Бақыт Нұрмұханов Қазақстанда волонтерлық қозғалыстың белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Комиссия мүшелері мен волонтерлық ұйым өкілдері қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүрген жастарды елдің шынайы патриоттары ретінде бағалаған.

Сонымен қатар ол биыл әлемде Халықаралық волонтерлар жылы ретінде аталып өтіп жатқанын еске салды. Бұл бастаманы мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында жариялаған.

Комиссия қарауына волонтерлық қызметті конституциялық деңгейде бекіту жөніндегі ұсыныстар түсіп, қолдау тапқан. Осыған байланысты Конституция жобасының 31-бабының екінші тармағына «Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру түрлері, волонтерлық қызмет пен қайырымдылық қолдау табады» деген толықтыру енгізу ұсынылды.