Конституциясының жаңа жобасы жарияланды

Не болды?

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жаңа Ата Заңының жобасын жұртшылыққа ұсынды. Жаңа Конституция жобасындағы өзгерістер барлық бөлім мен бапты қамтиды. Жалпы мәтіннің 84%-ы өзгереді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Реформа Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы парламент құру ұсынысынан бастау алды. 2025 жылғы қазанда парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Азаматтардан мыңдаған ұсыныс жиналды.

2026 жылғы қаңтарда өткен ұлттық құрылтайда реформаның маңызы айтылды. Қаңтардың 21-і күні 130 адамнан құралған конституциялық комиссия жұмысын бастады.

Жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – адам құқығы мен бостандығын айқындау, саяси институттардың тиімділігін арттыру және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін бекіту. Адам құқығы мен бостандығы алғаш рет мемлекеттің басты қағидасы ретінде жарияланған. Бірлік пен ынтымақ, ұлттар мен діндер арасындағы келісім — Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде белгіленген. Өзгермейтін құндылықтар санатына суверенитет пен тәуелсіздік, біртұтастық және аумақтық бүтіндік  жатқызылды.