Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қолданыстағы Конституция мәтінін жетілдіруге қатысты атқарылған жұмыстар туралы айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Конституция мәтінін редакциялау бір-екі апта бұрын басталған жұмыс емес. Бұл үдеріс былтыр қазан айында e-Otinish платформасы арқылы түскен ғалымдардың ұсыныстарынан кейін қолға алынған. Нәрікбаев университетінің оқытушысы Марат Ахмади қолданыстағы Ата заңдағы терминологиялық, аударма және мағыналық қателіктерге қатысты 15 беттен тұратын талдау жолдаған. Ұсыныспен танысқаннан кейін ғалым Ақордаға шақырылып, пікір алмасу жүргізілген. Кейін Нәрікбаев университетінің базасында Конституция мәтінін редакциялайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары, мемлекеттік органдардың, парламент пен үкіметтің өкілдері енген, — деді Ерлан Қарин Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бүгінгі отырысында.
Ерлан Қариннің айтуынша, жұмыс барысында 1995 жылы қабылданған Конституциядағы тілдік, құқықтық-терминологиялық дәлсіздіктерге, стилистикалық және мағыналық сәйкессіздіктерге ерекше назар аударылған.
Мемлекеттік кеңесші жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жаңа Конституция жобасының мәтіні сапалық әрі мазмұндық тұрғыдан жақсарғанын атап өтті. Оның айтуынша, құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасы бұрынғыға қарағанда түсінікті әрі ұғынықты бола түскен.
Бұл – бірнеше айға созылған күрделі әрі ауқымды жұмыстың нәтижесі, – деді Ерлан Қарин.
