XXV қысқы олимпиада ойындарын қайдан көруге болады?

6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы олимпиада ойындары өтеді.

Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Спорттық доданы қазақстандық көрермендер Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Олимпиада барысында корпорацияның арнайы түсірілім топтары жарыстар өтетін орындардан эксклюзивті хабарлар таратады. Сонымен қатар Qazaqstan және Qazsport арналарынан күн сайын «Олимпиада күнделігі» көрсетіліп, Qazsport телеарнасында тікелей эфирде «Милан – Кортина 2026» студиялық бағдарламасы эфирге шығады.

Олимпиадада спорттың сегіз түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазіргі таңда Қазақстан шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанаудан олимпиадалық квота иеленіп үлгерді.

Олимпиаданың ашылу салтанаты 6 ақпан күні өтеді. Ашылу рәсімі мен барлық маңызды сайыстар Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Айта кетейік, қысқы олимпиада тарихында алғаш рет жарыстарды ресми түрде екі қала қатар қабылдап отыр. Жарысқа әлемнің 100-ге жуық елінен 3000-ға тарта спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.