Не болды?
6 ақпан мен 22 ақпан аралығында XXV қысқы олимпиада ойындары өтеді. Осыған орай, Baribar.kz әлемдік додаға Қазақстаннан баратын спортшылар мен бұған дейін жеңіске жеткен спортшыларымыз туралы және биылғы қысқы олимпиада жаңалығын ұсынып отыр.
Сайыстың ашылу салтанаты Милан қаласындағы әйгілі «Сән-Сиро» футбол стадионында өтеді. Паралимпиада ойындары 6-15 наурыз аралығына жоспарланып отыр. Жалпы сайысқа әлемнің 93 мемлекетінен 3 500-ден аса спортшы қатысады. Италияға Қазақстаннан 36 спортшы бара жатыр.
Ашылу салтанатында туды шорт-трекші Денис Никиша мен фристайл-могул бағыты бойынша бақ сынайтын Аяулым Әміренова алып шығады. Көрермен ашылу салтанаты мен олимпиада бағдарламасын Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» және Jibek Joly телеарнасындағы тікелей эфирден көре алады. Сайыстың жабылу салтанаты 22 ақпанда Верона қаласында өтеді.
Қысқы олимпиадаға кімдер бара жатыр?
Қазақстан үшін бұл тоғызыншы қысқы олимпиада ойындары болмақ. Төрт жыл бұрын Бейжіңде өткен олимпиадаға еліміздің 34 спортшысы қатысқан еді. Биыл ұлттық құрамада 36 спортшы (18 ер адам және 18 әйел адам) бақ сынайды. Олар:
- фристайл-могул (Павел Колмаков, Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Анастасия Городко);

- фристайл-акробатика (Дінмұхамед Райымқұл, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Асан Асылхан, Аяна Жолдас);

- биатлон (Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генева, Айша Рақышева);
- тау шаңғысы спорты (Ростислав Хохлов, Александра Скороходова);
- шаңғы қоссайысы (Шыңғыс Рақпаров);

- шаңғы жарысы (Әмірғали Мұратбеков, Наиль Башмаков, Виталий Пухкало, Анна Мельник, Дарья Ряжко, Ксения Шалыгина, Надежда Степашкина);
- шаңғымен тұғырдан секіру (Данил Васильев, Илья Мизерных);

- конькимен жүгіру спорты (Евгений Кошкин, Кристина Силаева, Елизавета Голубева, Надежда Морозова, Арина Ильященко);
- шорт-трек (Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Ольга Тихонова, Яна Хан);

- мәнерлеп сырғанау (Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина).

Биылғы олимпиаданың ерекшеліктері
- Биылғы олимпиада екі қалада — Милан мен Кортина-Дампеццо қалаларында өтеді. Бұл ресми түрде екі қалада өтетін алғашқы қысқы олимпиада болады.
- Олимпиада Кортина қаласында кейінгі рет 1956 жылы өткен. Араға 70 жыл салып, қайта оралып отыр.
- Олимпиада тарихында алғаш рет екі алау жағылады: бірін Миландағы бейбітшілік аркасында, екіншісін Кортина-Дампеццо қаласындағы Дибон алаңында жағады.
- Олимпиада бағдарламасына алғаш рет шаңғы альпинизмі (ski mountaineering) деген жаңа спорт түрі енді. Спортшылар шаңғымен жоғары шығып, төмен түседі. Бұған Қазақстан спортшылары қатыспайды.
- Биыл гендер теңдігіне басымдық беріледі. Мысалы, шаңғы жарыстарында ерлер мен әйелдер бірдей қашықтыққа бақ сынайды. Шаңғы қоссайысында жаңартылған екі адамдық формат енеді. Әйелдердің биік тұғырдан секіру спорты да биыл еніп отыр.
- Ұйымдастырушылар сайыс өтетін Альпі тауларының экологиясына көңіл бөлуге уәде берді. Өйткені бірнеше техникалық құрылғы, жасанды қар өндіруге арналған су қоймаларын жоғары көтеру мен сырғанау жолдарын дайындау әсерінен тау экожүйесіне үлкен қысым түсіп отыр. Әсіресе, қар аз болғаннан орта және төмен биіктегі беткейлерді жасанды қармен жабу керек. Қар зеңбіректерін қолдану және туристер көп болатыны қазірдің өзінде экоаймаққа ауыртпалық түсіріп тұр.
Бұған дейін Қазақстан қандай жетістікке жетті?
Осыған дейін еліміз қысқы олимпиада ойындарына сегіз рет қатысқан. 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен ойында шаңғышы Владимир Смирнов 1 алтын, 2 күміс жүлде жеңіп алды. Осы ойынның ашылу салтанатында мемлекеттік туымызды шаңғымен трамплиннен секіретін Қайрат Биекенов алып шықты. Сол жылы жарысқа 28 отандасымыз қатысты. Бұл олимпиада Қазақстан тарихындағы ең табысты қысқы дода ретінде есте қалды.


1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен ойында шаңғышы Владимир Смирнов пен конькимен жүгіретін Людмила Прокашева 2 қола жеңіп алды. Екі жүлдемен Қазақстан жалпы есепте 21-орынға тұрақтады.

2002 жылы Солт Лейк Сити мен 2006 жылы Турино қаласында өткен қысқы ойындарда еліміз ешқандай орын алмады.
2010 жылы Вәнкувер қаласында өткен ойында биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымдық жеке сайыста күміс медаль жеңіп алып, көпке созылған үзілісті үзді.

2014 жылы Сочиде мәнерлеп сырғанайтын Денис Тен қола жүлде жеңіп алды. Денис Тен — қысқы олимпиададан жүлде алған Қазақстаннан шыққан алғашқы мәнерлеп сырғанаушы.

2018 жылы Пхёнчхангүн қаласында өткен сайыста фристайл-могул шебері Юлия Галышева қола жүлде жеңіп алды.

Кейінгі рет 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы олимпиадада Қазақстан құрамасы жүлдесіз қалды.
2026 жылғы қысқы олимпиада ойындарында 116 медаль сарапқа салынады.
Контекст
Естеріңізге салайық, Қазақстанның туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарында киетін формасын таныстырған еді.

