Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хи ірі сыбайлас жемқорлық және ықпалын асыра пайдалану ісі бойынша сот үкімімен бір жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылды.
Үкімді Сеулдің орталық аудандық соты шығарды.
Сот Ким Кон Хиді іскерлік мүдделерге байланысты шіркеу бірлестігінен қымбат сыйлықтар алғаны үшін кінәлі деп таныды. Тергеу деректері бойынша, 2022 жылғы шілдеде ол Біріккен шіркеу өкілінен Chanel брендінің сөмкесі мен Graff зергерлік үйінің бағалы алқасын қабылдаған. Бұл сыйлықтар бизнеске қатысты қолдау сұраумен бірге ұсынылғаны дәлелденді.
Сот шешімінде бұрынғы бірінші ханымның өз мәртебесін жеке пайдасына пайдаланғаны және қымбат сыйлықтардан бас тартпағаны атап өтілді.
Yonhap агенттігінің мәліметінше, тамыз айынан бері қамауда отырған Ким Кон Хи тағылған айыптарды мойындамаған.
Еске салайық, Оңтүстік Корея соты елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді сот төрелігіне кедергі келтірді деген айыппен бес жылға бас бостандығынан айырды.
