Алматыда көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Келімсек-2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Polisia.kz мәліметінше, бес күнге созылған рейд барысында 1 176 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен 225 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылған. Олардың басым бөлігі елде болу тәртібін бұзған. Іс-шара кезінде мегаполисте көші-қон талаптарын сақтамаған 830 шетелдік азамат анықталды. Сонымен қатар шақырған азаматтарының Қазақстанда заңды түрде болуын қамтамасыз ету міндетін орындамаған 273 қабылдаушы тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Тексеру барысында шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 73 жұмыс беруші де жауапқа тартылды, — делінген хабарламада.
Полицияның хабарлауынша, рейд барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген үш шетел азаматы анықталып, ұсталған.
Сонымен қатар заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары аясында шетел азаматтарының Қазақстанға заңсыз келуін және ел аумағында болуын ұйымдастыру деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды.
Бұған қоса, сот шешімімен бұрын елден шығарылған 57 шетел азаматын өз мемлекеттеріне мәжбүрлі түрде қайтару шаралары жүргізіліп жатыр.
